«ЖҰЛДЫЗДАР ШЕРУІ-2023» МАРАПАТТАУ РӘСІМІ БОЛЫП ӨТТІ.

Жүйріктің желмен жарысқан,

Дүбірін білген алыстан.

Құлагерлері қазақтың,

Ауыздығымен алысқан.

Зерденің құлын-тайлары,

Жүлдемен келген жарыстан.

Үмітін ақтап ұстаздың,

Абыройын асырған!

Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейде 2023 жылдың 23 мамырында дәстүрлі түрде өтетін 2022-2023 оқу жылында білім көкжиегін бағындырған талантты да дарынды шәкірттерімізді, жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиада, ғылыми жоба, өнер, спорттан шашасына шаң жұқтырмаған жеңімпаздарымызды және шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген ұстаздарымызды марапаттауға арналған «Жұлдыздар шеруі» өтті. Салтанатты шараны мектеп-лицей директоры Б.Дуйсенбаев ашып, ұстаздарға, оқушыларға жылы лебіз, ыстық ықыласын арнады.

Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек нәтижесінде ұстаздар арасындағы республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ-2022» кәсіби байқауына қатысушы 5,5 мың педагогтің арасынан іріктелініп алынып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «ҮЗДІК ПЕДАГОГ-2022» атағын және Қазақстан Республикасының «Үздік мұғалімі» төсбелгісін жеңіп алған биология пәні мұғалімі Киясова Айгүл Райымбекқызы бастаған кәсіби байқаудан жүлделі орындар иеленген ұстаздар қауымы көш бастап, марапатталды. Сондай-ақ, жалпы пәндер бойынша олимпиада,ғылыми жоба, түрлі байқаулар мен өнер,спорт саласында жеңіске жеткен 100 жүлдегер оқушыларымыз бен пән мұғалімдері №23 мектеп-лицейі кәсіподақ ұйымы тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жыл қорытындысы нәтижесінде кәсіби байқау, ғылыми жоба, олимпиадада қол жеткізген жетістіктері және қалалық, облыстық семинарларда шеберлік сағат, авторлық бағдарлама, пед идеяға байланысты тәжірибелерін ортаға салып, жыл бойына жүйелі жұмыстарымен көзге түскен «Үздік бірлестік - 2023» номинациясымен химия- биология бірлестігі марапатталды.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ГРАМОТАСЫМЕН МАРАПАТТАЛҒАН БАСКЕТБОЛДАН «АЛТЫН ДОП» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРЛЕРІН ДАЯРЛАҒАН СЫЗДЫКОВ АЗАМАТ САБИТОВИЧ; «Бәрің де жарысқа» ұранымен өткізілген Ы.Алтынсарин жүлдесіне арналған қалалық, облыстық Көңілді старт ойындарының жеңімпаздарын даярлаған ұстаздары мен команда мүшелері де сахна төрінен орын алып,қошеметке бөленді.

Мектеп-лицейіміздің абыройын асқақтатып, намысын қорғаған барлық шәкірттеріміз бен ұстаздарымызға айтар алғысымыз шексіз. Әрдайым жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер! Мектебіміздің абыройын асқақтатып, жеңіс туын желбірететін білімді шәкірттеріміз көбейе берсін!