«Инклюзивті оқыту тәжірибесін қолдану мүмкіндіктері»

Құрметті тамыз конференциясының секциялық

отырысына қатысушылар, қадірлі ұстаздар!

 

Бүгінгі «Инклюзивті білім беру жағдайындағы заманауи технологиялар: тиімділігі, сапасы, нәтижесі» тақырыбында өткізіліп отырған дәстүрлі тамыз конференциясының секция отырысына қош келдіңіздер!

Қазіргі таңда әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру.
Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады.Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр.

№23 Ж.Қизатов атындағы мектеп – лицейінде  «Инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті» «Болашақ» қайырымдылық қорының қолдауымен 2019 жылдың 11 қарашасынан бастап ашылып,  толық жабдықталды. Кабинетте ерекше білім беруді қажет ететін 9 аутисттік спектры бар оқушылар білім алады.Аутизм – бұл бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, ол әлеуметтік ортамен қарым-қатынастың жоқтығын білдіреді.

Осы білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеу жұмыстарын жүргізетін аталған кабинетте 9 тьютор (тәрбиеші), 1 дефектолог, 1 методист маман жұмыс жасайды. Кабинетті  қажетті мамандармен қамту «Болашақ» қайырымдылық қорының келісімімен жүзеге асты. Қазіргі таңда қолдау кабинетінің барлық мамандары «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы мен халықаралық Ресей оқу орталығының арнайы курстарынан өткізілді.
2020-2021 оқу жылында кабинетте 9 оқушы, оның ішінде 5 оқушы 2-сыныпта, 3 оқушы 1- сыныпта, 1 оқушы 5- сыныпта білім алды. 

Ғалымдардың мәліметтері бойынша уақытымен түзетушілік көмек көрсетілген жағдайда аутист балалардың 60 пайызы жалпы білім беру бағдарламалары бойынша, 30 пайызы арнайы білім беру бағдарлама бойынша оқуға қабілетті, ал 10 пайызы отбасында әлеуметтенуге мүмкіндіктері бар. Бірақ түзетушілік көмексіз қалған жағдайдағы балалардың 75 пайызы әлеуметтік ортаға бейімделе алмайды, 22 - 23 пайызы шамалы бейімделеді, тек 2-3 пайызы әлеуметтік бейімделудің жеткілікті деңгейіне жетеді.
Инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінде білім алып жатқан оқушылармен білімді, дағдыларды меңгеру қабілетіне қарай құрылған «Жеке дамыту бағдарламасы» арқылы жүргізіледі. Бұл бағдарлама Доктор Джеймс Партингтің ABLLS-R нұсқаулығының негізінде жасалған. Осы бағдарламаны негізге ала отырып  оқушының арнайы жеке жұмыс папкасы жинақталады.
Оқушының жеке жұмыс папкасында оқушы туралы толық мағлұмат, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысы, туу туралы куәлігі, жеке түзету бағдарламасы, бағдарлама бойынша жасалған талдау нәтижелері, бағдарламаны жүзеге асыру үшін құрылған кестелер, әр бөлім бойынша жасалған жұмыстардың талдау нәтижелері, визуалдық кесте, ата-анамен байланыс парағы, ұсақ моториканы дамыту,қарапайым тұрмыстық дағдыларды меңгеру, өзіне-өзі  қызмет ету дағдыларын меңгеру, сөйлеу механикасын қалыптастыру үшін құрылған эхо дағдылары және орындалу барысы бөлімдері бойынша жасалған жұмыстар нәтижесі, топтық сабақта жасалған жұмыстары жинақталады.
Жоғарыда аталған 9 оқушы арнайы бөлінген жеке тьютормен бірге мектеп-лицейде білім алып жатырған сыныптардағы сабақтарға қатысып, пән мұғалімдерінің  арнайы жеңілдетілген тапсырмаларымен жеке жұмыс жасайды. Сабақтан тыс уақытта «Инклюзивті білім беруді қолдау» кабинетінде жеке түзету бағдарламасына негізделген әр түрлі тақырыптар бойынша 20 минуттық топтық сабақтар ұйымдастырылады.
Топтық сабақта балалар ортақ тақырып бойынша бірігіп жұмыс жасауға бейімделеді.Оқушылар тақтамен, бормен, түрлі түсті қаламдар, сандар, әріптерден жасалған карточкалар, дәптер, санамақтар, гуашь, акварель, пластиллин және ұсақ моториканы дамыту барысында түрлі дәнді – дақылдармен жұмыс жасауға машықтанады.Тьюторлер тарапынан оқушыларға үнемі қолдау көрсетіліп отырады. 

Балаларды әлеуметтендіру мақсатында күнтізбелік мерекелерге сәйкес тәрбиелік іс – шаралар ұйымдастырылып отырады. 8 – наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесінде балалар аналарына өз қолдарымен сыйлық дайындап, тарту етті.

View the embedded image gallery online at:
https://23mektep.edu.kz/kz/bayandama.html#sigFreeIdbe99d0a185

2 – сәуір бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күнінде мектепшілік іс – шара ұйымдастырылып, постерлер ілінді

View the embedded image gallery online at:
https://23mektep.edu.kz/kz/bayandama.html#sigFreeId5a38eb93c8

 

Құрметті әріптестер!

Біздің мектеп - лицейіміздегі «Инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінің» ашылғаннан бергі жұмысын осылай қысқаша таныстыра келе жұмыс барысында түйіндеген төмендегі ұсыныстарымды жеткізгім келеді.

Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылардың оқуға қызықшылығын арттыру және білім сапасын көтеру мақсатында кабинетті:

  • Интерактивті панельдік тақтамен жабдықтау (тақта арқылы топтық сабақтарды ұйымдастыруға, балалардың зейінін шоғырландыруға т.б.);
  • Сенсорикалық қабілетін арттыруға арналған жабдықталған ойын алаңы (доп, гамак, ортопедиялық дорожка, ұсақ моториканы дамытуға арналған ойыншықтар) ата-аналар тарапынан сұралуда;

Осы мәселелер бойынша бюджеттен қосымша қаражатқа ұсыныс беріледі.

Сонымен қатар тағы бір айта кететін жағдай, бұл осы арнайы кабинет мамандарының (тьютор-тәрбиеші) айлық жалақысы мұғалімдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен және біліктілік категориялары қарастырылмаған төленбейді, соның салдарынан арнайы кабинетте мамандардың тұрақталмауы орын алуына себеп болуда.

Осы мәселе бойынша да оң шешімі табылса деген ұсынысымыз бар. 

Құрметті бүгінгі секциясы отырысына қатысушылар!

«Өркениетті ел қатарына қосылудың бір кілті тек білімде, ал білім ошағы ол – мектепте» екенін білесіздер. Әрбір дамыған мемлекеттің даму дәрежесі білім сапасына негізделеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 26 маусымдағы №56 қаулысы ерекше білім беруге қажеттілігі бар, балалардың қолжетімді білім алуға құқықтарын кемсітусіз іске асыруға бағытталған. Осы орайда білім беруді дамытудағы Мемлекеттік саясатты табысты жүзеге асыруымыз үшін бірлесе отырып жүйелі жұмыс жүргізуіміз қажет екендігін білдіргім келеді. 

Баршаңызды алдағы келе жатқан Білім күнімен құттықтай отырып, Сіздерге табысты еңбек пен бақ береке тілеймін.

Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!